“Үшінші шәкіртім әлем чемпионы болды”: Мырзағали Айтжанов тартысты маусымды қорытындылады!

Белгілі бокс бапкері Мырзағали Айтжанов 2021 жылғы маусым қорытындысы бойынша жылдың үздік жаттықтырушы атағына үміткер. Сәкен Бибосыновты әлем чемпионы атағына жетелеген бапкер биылғы жылдың өте тартысты өткенін айтты деп жазады Olympic.kz. 

“Токио Олимпиадасының бір жылға кейін шегерілгені спортшылардың жарыс күнтізбесіне үлкен өзгерістер әкелді. Бұған дейін бір жылда Азия және әлем чемпионаты, сондай-ақ, Олимпиада ойындары өткен емес. Ал биылғы маусымда осы үш ірі бәсеке ұйымдастырылды.

Шәкіртім Сәкен Бибосынов үш жарысқа да қатысты. Азия чемпионаты мен Олимпиада ойындарынан қола медаль алды. Олимпиадаға алтын үшін барғанымызды жасырмаймын. Бірақ, бұйырғаны қола медаль екен.

Токиодан келген соң, біраз демаламыз деп ойлағанмын. Бірақ он күн өткен соң, Сәкен әлем чемпионатына дайындалатынын айтты. “Ағай, екі қоладан соң алтын алайық” деген сөзі есімде. Міне, тынымсыз еңбектің арқасында әлем чемпионы атағы да бұйырды Бибосыновқа.

Сәкен әлем чемпионы атанған үшінші шәкіртім. Бұған дейін Біржан Жақыпов пен Қайрат Ерәлиев тұғыр биігінен көрінген.

Осы еңбегімді ескеріп жатқан Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетіне рахмет! Спорттық жүлдеге үміткерлер қатарына ену еңбегіңнің еш кетпегенін көрсетеді. Дауыс беріп жатқан барша жанкүйерге алғыс айтамын”, – деді Айтжанов. 

Ақпарат Olimpic.kz сайтынан алынды!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған