Қазақстан Республикасының V қысқы спартакиадасының салтанатты ашылу рәсімі өтті
8-27 желтоқсан аралығында Алматыда Қазақстан Республикасының V қысқы Спартакиадасы өтуде. Бұл 4 жылда бір рет ұйымдастырылатын кешенді жарыс.
Бүгін Almaty Arena спорт кешенінде спартакиаданың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, Алматы қаласы спорт басқармасының басшысы Рүстем Байсейітов және ҚР ҰОК спорт дирекциясының директоры – Елсияр Қанағатов қатысты.
Серік Маратұлы қысқы спартакиаданың маңыздылығына тоқталып, ұйымдастырушаларға алғысын білдірді.
«Өздеріңіз білетіндей, Спартакиада төрт жылда бір рет өтеді. Бұл төртжылдықтың басты жарысы – Олимпиада ойындарының алдында қысқы спорт түрлері бойынша ұлттық құрамаға іріктеу жарысы. Аса қуантарлық жайт спартакиаданы алғаш рет бір қалада, бір жерде өткізуге мүмкіндігіміз бар. Ұйымдастырушыларға алғысымды білдіргім келеді», – деді вице-министр.
Алматы қаласы спорт басқармасының басшысы Рүстем Байсеитов қатысушыларды жарыстың салтанатты ашылуымен құттықтады.
«Алматыда кез келген жоғары деңгейдегі халықаралық және республикалық жарыстарды өткізуге мүмкіндік беретін ең заманауи спорттық инфрақұрылым қалыптастырылып, пайдалануға берілді. Қазақстан Республикасының V қысқы спартакиадасын өткізуге арналған Алматы арена осындай табысты нысандардың бірі болды»,- деді ол.
Спартакиада қатысушылары спорттың 14 түрі бойынша өзара бақ сынайды. Олар; биатлон, керлинг, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, шайбалы хоккей (ерлер), шайбалы хоккей (әйелдер), тау шаңғысы спорты, аралас шаңғы, шаңғымен секіру, сноуборд, фристайл-могул, фристайл акробатика.
Жарыстар– «Алматы Арена» МС, «Халық Арена» МА, «Балуан Шолақ» СС, «Медеу», «Шымбұлақ» және «Алатау», «Сұңқар» спорт кешендерінде өтеді.
Еліміздің басты дүбірлі додасына 14 облыс пен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан 1400-ге жуық адамнан құралған құрама командалар қатысуда.
Спартакиаданы ұйымдастырушылар: Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті және Алматы қаласының спорт басқармасы.